Бүгін – Есенқұл Жақыпбектің туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Есенқұл Жақыпбектің туған күні

10.02.2015
Бүгін – Есенқұл Жақыпбектің туған күні

«Айтыстың ақтаңгері, жазба ақындықтың құлагері» болған Есенқұл Жақыпбек 1954 жылы 10 ақпанда Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Бірлік ауылында дүниеге келген.  Туған жердің қасиетінен нәр алып, өне бойы өлеңнен жаралған ақын кезінде тұңғыш телевизиялық айтыстың жеңімпазы болғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмес.

Көзі тірісінде ол бірқатар басылымдар мен жауапты қызметтерде ел үшін аянбай еңбек етті. «Бастау», «Ағымнан жарыламын», «Біз екеуміз» секілді бірқатар жыр жинақтарының авторы. Бұдан бөлек, ақынның «Алдай-ау», «Біздің елдің жігіттері», «Өмір өтті зырғып ағып» атты әндері мен термелері халық әндеріне айналғандай.

Есенқұл ақын айтыс сахнасында 30 жылдай өнер көрсетті.  Бұл күні оны замандастары тебірене еске алады.

«1993 жылы Қарқара жайлауында Бесбатырға арналған үлкен ас болды. Халықаралық дәрежедегі аламан айтыс өтті. Сол кезде айтысқа тұңғыш рет темір тұлпар тігіліп,  алғаш мотоциклды жеңіп алған адам Есенқұл ағам еді», дейді ақын Бақыт Жағыпар.

ҚР Жазушылар одағының басқарма төрағасы Нұрлан Оразалин: «Есенқұл Жақыпбекті соңғы сапарға шығарып саларда, халық шын ақынның бақилық болғанын сезді. Жиналған қарақұрым халық біреудің айдауымен келген жоқ. Халық Есенқұлдың  әдебиеттегі орнын мойындағаннан кейін келді»,-дейді.

Ақын өмірден өткенімен, оның рухани мұрасы мәңгілік ел жадында.

Хабарламаларға жазылу