Бүгін Астанада қоғам қайраткері, журналист Сәдібек Түгелдің мерейтойы өтті. Шараға жазушылар, журналистер, жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Қонақтар қоғам қайраткерінің ел мүддесіне бағытталған жұмыстарын тізбектей келе, алдағы атқарылар шаруаларына сәттілік тіледі.
Шара соңында мерейтой иесіннің атына Астана қаласы мәслихаты хатшысының құттықтау хаты оқылды.
Құттықтау хатта: «Әке көрген оқ жонар» демекші жылқы шаруашылығы мен ат спортының жанашыры болған әкеңіздің жолын қуып, ұлы даланың тұлпары Құлагерге ескерткіш орнату идеясын ұсынып, әрі ұйымдастырушысы болдыңыз», деп ерекше атап өткен.
Сәдібек Түгелдің есімі қазақстандықтарға жақсы таныс. Ол Астана қаласы Халықаралық баспасөз орталығының негізін қалаушы, тұңғыш баспасөз хатшысы болды. Баспасөз орталығы бүгінде елімізде ғана емес сонымен қатар, шетелдік 100-ден астам бұқаралық ақпарат құралдарын біріктіреді.
Сондай-ақ, ол 2010 жылы «Астана-Көкшетау» автобанының бойына Құлагер ескерткішін тұрғызуға үлес қосқан азамат. Сәдібек Түгел сонымен қатар, Ұлттық атспорты федерациясының, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының негізін қалаушылардың бірі.
«Бірлігі мықты ел озады», «Ұлы дала қырандары» атты республикалық қоғамдық әлемуметті-мәдени қозғалыстарын құрған.
Ол «Көк күмбезді Астана», «Астана – город солнечной мечты», «Қайдасың, қазағымның Қазанаты?», «Джигиты и аргымаки Казаната», «Қазанат», «Астана – жерұйығы елімнің», «Астана – триумф Независимости страны», «Ертуған», «Бүркіт ұлы даланың символы», «Алғашқы астаналықтар», «Астана хикаялары», «Өсе бер, өрлей бер, Шығысым!», «Астана қаласы баспасөзінің шежіресі» кітаптары мен жинақтарының авторы.