Кәукен Кенжетаев ғасырға жуық ғұмыр кешіп, өнерге 70 жылдан аса қалтқысыз қызмет еткен тұлға. Ол шырқаған әндер мен орындаған партиялар қазақ өнерін биік белеске көтерді. Кезінде сыншы Әшірбек Сығай өнер иесі орындаған әндер туралы айта келіп, «Ән төресі – «Алтыбасар» деген еді.
ҚР Халық әртісі, режиссер Маман Байсеркеұлы: «Кәукен негізінен – опералық әнші ғой. Бірақ, ол кісі қазақы әндерді де жақсы орындаған. Домбырамен Мәдидің, Естайдың, Ақанның, Біржанның әндерін осы Кәукеннің орындауында көп естідім»,-дейді.
Ол қазақ ұлттық сахна өнері мен кино саласында көптеген бейне сомдап, сол рөлді ойнаушыдан гөрі, тұщымды етіп шығаруды ойлаушының міндетін көбірек атқарды. Ішкі жан дүниесі мен сыртқы келбеті үндескен актерлердің режиссердің жүгін бірге көтеріп, шынайы суреткер деңгейіне көтерілуі сирек құбылыс.
Сондай-ақ, Кәукен Кенжетаев қазақ, орыс және әлем халықтары операларындағы басты партияларды биік деңгейге жеткізе орындады. Ал, «Біржан-Сарадағы» Жанботасы қазақ операсындағы ерекше құбылыс болғаны анық.
«Оның шығармашылық ортасы ұлы адамдардың айналасында өтті. Құрманбек Жандарбеков, Байғали Досымжанов, ағайынды Абдуллиндер, Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебековтердің ортасынан шықты. Бұл – ұлы мектеп қой»,-дейді Маман Байсеркеұлы.
Толығырақ «Таңшолпаннан» көріңіз.