Асқар Абдуалы: Қазақ хандығы 550 жылдығының атап өтілуі танымдық істермен қолға алынғаны қуантады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Асқар Абдуалы: Қазақ хандығы 550 жылдығының атап өтілуі танымдық істермен қолға алынғаны қуантады

04.03.2015
Асқар Абдуалы: Қазақ хандығы 550 жылдығының атап өтілуі танымдық істермен қолға алынғаны қуантады

Тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бірінші проректоры Асқар Абдуалы «Таңшолпанда» қонақта болды.

«Мемлекеттің пайда болуы – тарихи үрдіс. Қазақ хандығының еуразиялық үлкен аймақта мемлекет болып қалыптасуы, оның көрші елдермен қарым-қатынас жасауда, бір-біріне ықпал етуде алар орны зор. Бір кемшілік, жазба деректерді біз әлі толық жинақтай алмай жатырмыз».

М.Х.Дулатидың «Тарих-и Рашиди» еңбегіне тоқталған ғалым: «Бұл еңбек 16-ғасырдың 40-шы жылдарында жазылған. Нақтырақ айтқанда, 1541-1546 жылдары ұлы бабамыз М.Х.Дулати Кашмирде билік жүргізген кезінде жазған. Екі ктаптан тұрады. Мұнда Орталық Азия туралы көптеген дерек бар. Оның ішінде біз үшін маңыздысы – Қазақ хандығына байланысты дерек.

Біріншіден, еңбектегі отандық, шетелдік ғалымдармен мойындалған шешім ол – Қазақ хандығының құрылуы. Көне жәдігерде 870 жылы Әбілқайыр хандығымен келіспеушілік болғанына байланысты көшіп келген Керей мен Жәнібекке Есен Бұға Шу, Қозыбас аймағынан жер беріп, сол жерде хижра жыл санауымен 870 жылы (1465-1466)  Қазақ хандығының құрылғандығы айтылады. Міне, осы дерек негізінде Елбасының бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау мәселесі қолға алынды»,-дейді.

«Қазір тойдың атап өтілуі танымдық, ізденіс, пікір алмасу секілді игілікті істермен қолға алынғаны қуантады».

Сұхбаттың толық нұсқасын таңғы бағдарламадан көре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу