«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы - бiрiншi ұлттық қазақстандық телеарна. 1958 жылы негізі қаланған. Сол жылы 8 наурызда Алматы студиясынан «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының алғашқы хабары эфирге шықты, ал, желтоқсан айынан күнделікті 5 сағаттық хабар беріле бастады.
Қазақ телевизиясының бастауында көрнекті инженер Гүлжан Балпанбаева, Виктор Тюленев, радиотелеорталығының алғашқы директоры Рамазан Файзуллин және басқалары тұрды.
Қазақ теледидарының алғашқы дикторлары Зұлқия Жұматова, Ләзиза Аймашева, Орынбала Оразбаева Нелли Омарова көрермендер құрметіне бөленді. Кейінірек олардың легіне Ласкер Сейітов, Мариам Айымбетова, Қажы Қорғанов, Тыныс Өтебаев, Всеволод Иванов, Лидия Тельменколар қосылды.
«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы – республикалық «Қазақстан» телерадиокорпорациясы АҚ құрамына кіреді. Техникалық әлеуеті жыл сайын ұлғайған телеарна 1987 жылы телетаратылым бойынша одақтас республикалар ішінде төртінші, көркем және деректі фильмдер өндірісі бойынша екінші орынды иеленді.
Бүгінгі таңда еліміздегі ең ірі медиа құрылым. Телеарнаның техникалық әлеуеті Республика аумағының 100 пайызына жуық, көршілес Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан, Моңғолия және Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданы өңірлеріне хабар таратуға мүмкіндік беріп отыр.
Сондай-ақ, заманауи телетаратылымның барлық талаптарына сай. Қазіргі заманғы ең үздік құрылғылар техникалық аса күрделі тікелей трансляцияларды жүргізуге де зор мүмкіндік туғызып келеді.
Мәселен, Мемлекет басшысының елдің барлық облыстарымен жүргізген телекөпірлері немесе әскери мерекелік парадтар, НАТО Саммиті, ЕҚЫҰ елдері-қатысушылары Сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі, дүбірлі Азиада, Euro-2012 сияқты көптеген шаралар Ұлттық телеарнаның толықтай техникалық қолдауы арқылы өткізілді.
Бүгінгі таңда Ұлттық телеарна эфирінде әр түрлі жастағы көрермендерге арналған жаңалықтар мен ерекше ток-шоу жанрлары, ойын-сауық және танымдық бағдарламалар, қоғамдық-саяси, экономикалық хабарлар, сондай-ақ, мемлекеттік тілді дамытуға негізделген жобалар көп. Әлемнің түкпір-түкпірін қамтитын тілшілік желі жаңалықтар қызметіне елдегі және төрткүл дүниедегі барлық маңызды оқиғаларды шұғыл түрде жариялап отыр.
«Қазақстан» Ұлттық арнасы көрсетілімдерінің елеулі үлесі көркем фильмдер мен сериалдардың трансляциясына беріледі. Телеарна эфирі барлық фильм жанрларын ұсынып отырады - әлемдік классика, детектив, комедия, арт-хаус, триллерлер және экшн-фильмдер.
Ал, негізгі орын отандық «Қазақфильм» киностудиясының туындаларына берген. Ұлттық арна түрлі жанрдағы бағдарламалар шығарумен қоса, отандық көркемсуретті фильмдер жасаумен де айналасып келеді.
Қазір жобалар өндірісінде телехабар таратудың виртуалды студиясы сияқты ең соңғы жетістіктері кеңінен қолданыла бастады. Графикалық технологияның дамуына байланысты жарық қою құпияларын жіті пайдалану арқылы жүзеге асатын виртуалды декорациялар жасауға мүмкіндік бар.
Телеарна өндірістің, сондай-ақ, бейнеконтентті өңдеу мен сақтаудың сантаңбалық технологиясына көшкен. Бұл жүйені іске асыру жеделдікті көтерумен бірге телеарна шығармашылық бірлестіктерінің еңбек өнімділігін арттыруға зор мүмкіндік туғызады.
Белгілі бір оқиғаны жан-жақты қамтып көрсете алатын «Қазақстан» телеарнасындағыдай он екі камералық жылжымалы телевизиялық құрылғы ТМД елдері телевизиясының көпшілігінде жоқ. Бұл техниканың ең соңғы буыны саналады.
Танымдық-тағылымдық, көңілашар ойын-сауық, спорттық бағдарламалары өндірісінде көшбасшы орын алып, ұдайы даму үстіндегі телеарна 2012 жылдың 24 желтоқсанында Астана қаласындағы «Қазмедиа орталығынан» хабар тарата бастады. HD форматқа толықтай көшкен телеарна медиа кеңістіктегі әлеуетін жыл сайын ұлғайтуда.
ТNS Гэллап Медиа Азия (TNS Gallup Media Asia) зерттеу компаниясының 2013 жылдың 1 қаңтары мен 10 ақпаны аралығында жүргізген зерттеуінің нәтижесінде «Қазақстан» ұлттық телеарнасы тұрғындары 100 мыңнан аспайтын елді мекендер (шағын қалалар, аудандар мен ауыл тұрғындары) арасында 23,3 пайыз орташа тәуліктік үлес көрсеткішімен бірінші орынға шықты.
Осsлайша, алты жастан жоғары қазақ және орыстілді көрермендер арасында Ұлттық арна қазақтілді аудиторияда ғана емес, барлық телевизиялық аудитория бойынша да үздік. Зерттеу басталғалы (2012 жылдың сәуір айынан бері) алты жастан жоғары тек қазақтілді көреремендер саны бойынша, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы 30,6 пайыздық орташа тәуліктік үлес көрсеткішімен бірінші орында келеді.
Ал, 2013 жылдың тамыз айында ТНС Гэллап Медиа Азия (TNS Gallup Media Asia) зерттеу компаниясының мәліметтері бойынша, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының рейтингісі 100 мыңнан жоғары тұрғындары бар елді мекендер арасында 55 пайыз орташа тәуліктік үлес көрсеткішімен 47 пайызға пайызға өсті. Бұл - «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы тарихындағы бұрын-соңды болмаған үлкен жетістік.
Айта кетерлігі, 100 мыңнан төмен тұрғындары бар елді мекендердегі алты жастан жоғары қазақ және орыстілді көрермендер арасында да 23,2 пайызбен биылғы жылдың басынан «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы өзге хабар таратушылардың алдына шығып, жетекші орынға тұрақтады.
Аталмыш зерттеу компаниясының мәліметтері 100 пайыз мемлекеттік тілде хабар тарататын «Қазақстан»Ұлттық телеарнасының өзге этностар арасында да үлкен сұранысқа ие екенін көрсетіп отыр. «Қазақстан» Ұлттық телеарнасын онлайн-режимінде де көруге мүмкіндік бар.
2014 жылдың 11 сәуірінде «Қазақстан» РТРК АҚ шығармашылық ұжымы Еуропалық одақтың «Қазақстан Үкіметі мемлекеттік қызметін реформалау және модернизациялау» жобасы бойынша жеңімпаз деп танылды.