Мемлекет басшысы бес институционалдық реформа ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы бес институционалдық реформа ұсынды

11.03.2015
Мемлекет басшысы бес институционалдық реформа ұсынды

Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен «Нұр Отан» партиясының XVI съезіне 2000-ға жуық адам қатысты.

Олардың қатарында өңірлік конференцияларда сайланған 1200-ден астам делегат, Парламент депутаттары, мемлекеттік басқару органдарының, Ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшылары, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның, дипломатиялық корпустың, халықаралық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар.

Съезд делегаттары «Нұр Отан» партиясынан Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын Қазақстан Республикасының Президенттігіне ұсыну туралы қаулы қабылдады.

Сонымен қатар, партия Саяси кеңесінің және Орталық тексеру-бақылау комиссиясының есептік кезеңдегі жұмыстарының қорытындылары қаралды, сондай-ақ, олардың мүшелері сайланды.

Мемлекет басшысы сөзінде қалыптасқан жағдайларға байланысты ел алдында тұрған жаңа міндеттерді атап көрсетті.

«Біріншіден, мемлекеттік құрылысқа сыртқы ықпалдардың теріс әсер етуіне жол бермеу керек. Екіншіден, даму қарқынын сақтау қажет. Үшіншіден, әрі қарай өсуге қажетті жағдай жасау керек. Төртіншіден, әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қарай ілгерілеуді жалғастыру қажет», - деді Қазақстан Президенті.

Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттігімізге төнген жаһандық сын-қатерлерге өзгеше және қуатты тойтарыс беру керектігін атай отырып, бес институционалдық реформа ұсынды.

Олар - заманауи, кәсіби және автономды мемлекеттік аппарат қалыптастыру; Заң үстемдігін қамтамасыз ету; индустрияландыру және әртараптандыруды негіз еткен экономикалық өсім; біртұтас болашақтың ұлты; сондай-ақ, транспарентті және есеп беретін мемлекет.

Қазақстан Президенті аталған реформалардың жиынтығы мемлекетті нығайту және оны әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосу үшін жағдай туғызатынына назар аударды.

«Бұл - «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың жолы. Бес институционалдық реформаның әрқайсысы - зор міндет және ел үшін орасан жұмыс. Мұндай реформаның табыстылығы билік пен халықтың табанды ерік-жігері арқылы ғана қамтамасыз етілуі мүмкін. Ұсынылған шаралар қоғамдық қатынастар жүйесін түбегейлі өзгертеді. Оларды жүргізу үшін мен Президент жанынан Жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссия құруды ұсынамын.

Ол бүкіл реформалар кешенінің жүзеге асуын үйлестіретін болады. Осылайша, біздің алдағы жылдарға арналған негізгі міндетіміз - осы бес институционалдық реформаны іске қосу және біртіндеп жүзеге асыру», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

akorda.kz

Хабарламаларға жазылу