Алматыда Таңжарық оқулары өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Таңжарық оқулары өтеді

15.03.2015
Алматыда Таңжарық оқулары өтеді

18 наурыз күні Алматыдағы Қыздар университетінде Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Халқым, сен, шын тіленіп табынарым» деген атпен екінші рет Таңжарық оқулары өтеді, деп хабарлайды оқу орнының баспасөз қызметі.

Ұлт қайраткері, ақын-ағартушы Таңжарық Жолдыұлының өлеңдерін, өнегелі өмірін дәріптеп, жас ұрпақты қазақ әдебиеті мен тарихының ақтаңдақтарын ашуға, зерделеуге шабыттандыру мақсатында өтетін шараға Алматы қаласы жоғары оқу орындарының студенттері қатысады.

Шараға қатысушылар екі кезең бойынша сынға түседі. Бірінші «Өткір ой, жүйрік қиял, қырағы көз, Адамға бітеді алуан түрлі мінез», -  деп аталатын кезеңде жеке немесе командалық (3-5 адам) өнер байқауы өтеді.

Мұнда қатысушылар ақын шығармашылығы негізінде шағын театрландырылған қойылым көрсетіп,  ақынның өлеңдерін (кемі 2-3) мәнерлеп, жатқа оқудан сайысқа түседі.

Екінші кезеңде «Ақылға келсе сай боп айла серік, Болжайды бәрін ақыл бұрын көріп», деген тақырып аясында ақын өмірі мен шығармашылығы, айтыскерлік таланты мен қайраткерлік тұлғасы туралы қойылған сұрақтарға жауап береді.

Таңжарық оқуларына қатысушыларға қомақты жүлде тігілген. Қаржылай демеуші: «Халықаралық Таңжарық зерттеу» қоғамдық қоры.

Кештің құрметті қонақтары: Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, танымал әдебиеттанушы, таңжарықтанушы ғалымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері.

Хабарламаларға жазылу