Жүрсін Ерман: «Батырхан қалыптасып алған ақын болмаса да, өлеңде оқыс ойланатыны, жыр жолдарының арасында қашқан түлкідей жалт-жалт бұрылатыны, мүлдем соны түсініктерді шумаққа енгізетіні арқылы елеңдетті».
Батырхан Сәрсенхан - 1995 жылы 28-наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Ақпан аулында дүниеге келген. Халықаралық «Бейбітшілік әлемі» байқауының жеңімппазы, Халықаралық Саттар Ерубаевтың 100 жылдығына өткен арнайы мүшайраның 2-орын, республикалық Қожабереген жырауға арналған ақындар байқауының 2-орын, республикалық «Шырайлым-Шұбайқызылым» ақындар байқауының 2-орын, 2013 жылғы Облыстық «Шырайлым-Шұбайқызылым» атты жас ақындар байқауының бас жүлдегері. Бірнеше аудандық, облыстық байқаулардың жеңімпазы.
Жырлары 2013 жылы «Жалын» журналына арнайы Мұхтар Шахановтың алғысөзімен жарық көрген.
Ақынның өмірі мен шығармашылығындағы жаңалықтармен бүгін 13.10-да «Поэзия әлемі» хабарынан біле аласыздар.
Ізгілікті іздеу
Түгім жоқ шын жақтаған, қылжақтаған,
Сымбатты адам, маңдайын күн қақтаған.
Елпілдеген ағамның алғысынан,
Етікшінің қарғысы қымбат маған.
Бастық көрсем, тұра тұр бәлем дермін,
Солай мен әдепсіздеу әлемге ердім.
Етке тойған көкемді басып өтіп,
Еден жуған әйелге сәлем бердім.
Тәкаппардан тартқанда ғасыр күйік,
Не етемін қоңыздардың тасын жиып.
Өтемін өмір жайлы ән салмай-ақ,
Қайыршыға құрметпен басымды иіп.
Жүрек сөзі жеткенде құлаққа әрең,
Жанарлардан жауапсыз сұрақ көрем.
Шын бақытты болмаспын, бәлкім, күнім,
Шын бақытсыз болмаймын бірақ та мен!