Ашық космоста жұмыс істеген тұңғыш қазақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ашық космоста жұмыс істеген тұңғыш қазақ

06.04.2015
Ашық космоста жұмыс істеген тұңғыш қазақ

Талғат Мұсабаев – ашық космоста жұмыс істеген тұңғыш қазақстандық ғарышкер. Ол «Союз-ТМ» ғарыш кемесімен қатарынан үш рет ғарыш әлеміне барып-қайтты. Ғарышта  алғашында – 126 тәулік, екінші сапарында – 208 тәулік болды. Үшінші сапарында америкалық миллионер Деннис Титоны да экпиаж құрамымен бірге алып ұшып, әлемде тұңғыш рет космосқа саяхат жолын ашты.

Талғат Мұсабаев ғарыш станциясынан тыс ашық ғалам аясында жалпы мерзімі - 41 сағат 21 минут болды. Ұшқышпен бірге ғарышта болған әріптесі Юрий Маленченко ашық ғарышта тура Қазақстанның үстінен өтіп бара жатқандарын байқаған.

Сонда Мұсабаев: «Қазақстанның үстінен өтіп бара жатырмыз. Менің Қазақстаным!», – деп айқай салған көрінеді. Ғарышкерлер қатпар-қатпар Алатау сілемдері мен Балқаш көлінің көрінісін ғарыштан көріп, тәнті болған. Талғат Мұсабаев ғарышқа Қасиетті Құран кітапты Қазақстанның Туын, топырағын, өзімен ала барып, елге деген, жерге деген құрметін бірнеше мәрте көрсеткен патриот.

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Талғат Мұсабаев 1951 жылы 7 қаңтарда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылында  туған.

Ғарышкердің анасы Салиха соғыс жылдары Сталинградтан Берлинге дейін соғыс даласында дәрігерлік қызмет еткен. Тұңғыш ұлы Талғат дүниеге келгенде Талғат Бигелдинов ағасындай батыр болсын деп, атын ырымдап қойған екен.

Талғат Мұсабаев 1974 жылы Ригадағы азаматтық авиация инженерлері институтын бітіреді. Сол жылы Боралдайдағы авиаотрядқа ауысым инженері қызметіне тұрады. 1990 жылы космонавттар отрядына қабылданып, Гагарин атындағы Ғарышкерлер даярлау орталығында жаттыққан. 1993 жылы Ақтөбе жоғары ұшқыштар училищесін бітіреді.

1987 жылдан АН-2 ұшағының 2-пилоты, командирі болды. 1989 жылы Ульяновск (қазіргі Тольятти қаласы) қаласындағы ұшқыштар, диспетчерлер және инженерлік-техникалық кадрлар дайындау орталығын бітіреді. Алматы біріккен авиаотрядының 1-ұшу отрядындағы ТУ-134 ұшағының 2-пилоты 1990 жылы Ю.А.Гагарин атындағы ғарышкерлер дайындау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кіріседі.

1991 жылы Талғат Мұсабаевқа «Ғарышкер-сынақшы» квалификациясы беріледі. 16 негізгі бағдарлама бойынша 1994 жылы 1 маусымнан 4 қарашаға дейін (ұзақтылығы 127 тәулік) «Союз ТМ» ғарыш кемесінде борт-инженер ретінде ғарышта болған ол 2 рет ашық ғарыш кеңістігіне (жалпы ұзақтығы 11 сағат 06 мин) шықты.

Ұшу кезінде қазақстандық ғылыми зерттеулердің 2 бағдарламасын орындады. 25 негізгі экспедиция бағдарламасы бойынша 1998 жылы 29 қаңтар мен 25 тамыз аралығында (ұзақтығы 208 тәулік) «Союз ТМ-27» және «Мир» ғарыш кемелерінің кеме командирі ретінде ғарышқа сапарлады. Ұшу кезіңде 5 рет (жалпы ұзақтығы 30 сағат 08 мин) ашық ғарыш кеңістігіне шықты. Мұнда ғылыми-зерттеулер мен эксперименттердің қазақстандық 3 бағдарламасын орындайды.

2001 жылы 28 сәуір мен 6 маусым аралығында «Союз – ТМ-32» ғарыш кемесімен Халықаралық ғарыштық станциясына барған бірінші экспедициясының экипаж командирі болды. Бұл сапарда ғылыми-зерттеулер мен эсперименттердің қазақстандық 4 бағдарламасын орындады.

Мұсабаев ұшақ спортынан Қазақстан құрама командасы құрамында өнер көрсеткен, КСРО Чемпионы. Гимнастикадан Латвия құрама командасының құрамында жарыстарға қатысты. Гимнастикадан және ұшақ спортынан КСРО Спорт шебері.

Талғат Мұсабаев Қазақстан Республикасының «Халық қаһарманы», «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» атағы, «Отан», «Барыс» I бірінші дәрежелі ордені, «Астана» медалі және Ресей Федерациясының Батыры, «Халықтар достығы», II, III дәрежелі «За заслуги перед Отечеством» (Ресей) ордендері, NASA-ның «Ғарышқа ұшқаны үшін» медалі және Австрия Республикасының орденімен марапатталған.

Хабарламаларға жазылу