БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун Джеймс Бонд туралы фильмде «Агент 007» атымен танылған британдық актер Дэниел Крейгті мина және жарылғыш оқ-дәрілерді жою бойынша жаһандық күрескер етіп тағайындады, деп хабарлайды БҰҰ сайты.
Салтанатты рәсім кеше Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб-пәтерінде өтті. Енді Дэниел Крейг бұл іспен алдағы үш жыл бойы айналысады.
БҰҰ-ның Бас хатшысы Дэниел Крейг өзінің танымалдылығымен қауіпті жарылғыш заттар мәселесіне халықаралық қоғамдастықтардың назарын аударады деген сенімде.
«Агент 007 атымен танылған Крейгке біз «адамдарды құтқару үшін лицензия» бердік», - дейді БҰҰ Бас хатшысының өкілі Стефан Дюжаррик.
Осылайша, Дэниел Крейг - БҰҰ-ның қауіпті жарылғыш заттарға қарсы алғашқы жаһандық күрескер атанды. Оған осы саладағы ұйымның қызметі туралы ақпарат тарату мен саяси және қаржылық көмек тарту тапсырылды.
Актер жарылғыш заттарды залалсыздандыратын орындарды аралайды деп жоспарлануда. Бүгінде БҰҰ-ның залалсыздандыру бағдарламасы 30 елде жұмыс істеуде.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Дэниел Крейг Джеймс Бонд туралы жаңа «007: Спектр» фильміне түсуде. Бұл - басты рөлді Крейг сомдайтын «Агент 007» туралы 4-ші фильм.
Сурет: www.theplace.ru