Ақын болуды мақсат тұтпаған Жанарбек Әшімжанның арманы – журналист болу еді. Алайда, көңіл түкпіріндегі арман жыр болып, қағазға төгілді.
Бұл турасында ақын: «Жүректегі арманды алдамау керек. Күндердің күні сол арман биікке алып шығады»,-дейді.
Біздің анықтама:
Жанарбек Садыханұлы Әшімжан – 1976 жылы 1 сәуiрде Алматы облысы, Райымбек ауданы (бұрынғы Кеген ауданы), Жалаңаш ауылында туған. 1995-1999 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң журналистика факультетiнде білім алады. Тырнақалды туындылары аудандық «Хантәңірі» (бұрынғы «Коммунизм нұры»), облыстық «Жетісу» басылымдарында жарық көрген.
1996-1999 жылдары - қалалық «Алматы ақшамы» газетiнде тiлшi, 2000 жылы - республикалық қоғамдық-саяси «Қазақстан» журналында бөлiм редакторы, 2000-2005 жылдары - республикалық «Жас Алаш» газетiнде әдебиет және саясат бөлiмдерiнiң меңгерушiсi, 2005-2008 жылдары республикалық «Жас қазақ» ұлттық апталығында бас редактордың орынбасары қызметтерiн атқарған.
2008 жылдың қаңтарынан Қазақстан Жазушылар одағына қарасты «Жұлдыз», «Простор», «Сын» журналдары мен «Қазақ әдебиеті» газеттерін біріктірген «Қаламгер-Медиа» орталығының директоры болып қызмет етеді. 2003 жылы - Астанада өткен халықаралық «Шабыт» фестивалiнiң «Гран-при» иегерi.
2006 жылы - Түркiстан қаласында өткен Өмiрбай Сәуiрбаевқа арналған республикалық жыр мүшәйрасының І жүлдегерi. 2007 жылғы «БТА» банкі ұйымдастырған жазба ақындардың республикалық жыр бәйгесінің бас жүлдегері.
2008 жылы - «Бір өлең – бір әлем» атты халықаралық жазба ақындар жыр мүшәйрасының жеңімпазы, 2009 жылы ҚР Үкіметінің арнайы жарлығымен мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері атанды.
ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Алғыс хатымен» және «Тәуелсіздікке - 20 жыл» медалімен, сондай-ақ, «Қазақ журналистикасына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған.
СЫР
Адасып шыққан ауылдан,
Бейбағыт бейбақ деме сен.
Қаламы қанға малынған,
Бейсауат адам емес ем.
Тұлыммен өскен тау ұлы,
Тауыңнан қаштың демегiн.
Дәуiрдiң соққан дауылы,
Толарсағымнан кемеген.
Желменен бiрге бағыты,
Жүгенсiз кеттiң деме сен.
Зiлмауыр ойымды ағытып,
Кезеңiмменен егесем.
Маңдайға түскен иiрiм,
Өмiрiң болды деме сен.
Өткенiмдi ойға иiрiп,
Өткелiмменен кеңесем.
Ақ күмбездi анау қырқаға,
Қол бұлғап қош та демегем,
Ақтық мақамым шырқалар,
Топырақ болса керегем.