Абай Құнанбайұлының 170 жылдық мерейтойына орай, Абай атындағы Мемлекеттік қазақ музыкалы-драма театры осыдан 35 жыл бұрын қойылған Мұхтар Әуезовтің «Абай» спектаклін қайта сахналамақ. Спектакль ХІХ-ХХ ғасырдағы қазақ қоғамының бет бейнесін, ішкі трагедиясын суреттейді, Абай Құнанбайұлының ақындық әлемін қамти отырып, әлеуметтік көзқарасын сипаттайды. Сонымен қатар ақынның дүниетанымы кеңіп, азаматтық пікірі қалыптасып, ел ісіне араласқан шағы, таптық, топтық талас-тартысқа өзіндік үн қосуы айтылған.
Қойылымда Абай арқылы заманының керағар тұстары ашылып, шындық пен әділдік турасында, оқу мен білім жайында пәлсапалық көзқарастар, тағылымды ойлар айтылады, сол заманның қиыншылығы мен әділет жолындағы күрес көрсетілген. Спектакль Абай рухының ұлылығын, талантының сан қырын ашып көрсетуді мақсат еткен. Аталған қойылымға театрдың барлық шығармашылық ұжымы қатысады. Әртістердің барлығы өздеріне тиесілі рөлдерге тыңғылықты дайындық үстінде. Жауапкершілік пен міндетті, азаматтық парызды арқалаған әр актер берілген кейіпкерлерін жан-жақты зерттеуде.
Айта кету керек, отыз бес жыл бұрын сахналанған спектакльде жас Абайдың ролінде ойнаған Халық әртісі Бекен Имаханов енді жасы ұлғайған Абайдың ролін сомдамақ. Қойылымның режиссері Ербол Жуасбек. Спектакль премьерасы сәуірдің 18-19 күндері Абай атындағы Мемлекеттік қазақ музыкалы-драма театрының сахнасында қойылады.