22 сәуір күні Алматы қаласындағы Республика сарайында әнші Еркін Нұржановтың жеке шығармашылық концерті өтеді. Аталмыш шараға орай Еркін Нұржанов және композитор, музыка өңдеуші Қуаныш Құрманбай таңғы бағдарламада қонақта болды.
«Кеш жанды дауыста өтетін болғандықтан, дайындық қызу жүріп жатыр. Концертте жүргізуші болмайды. Бастан-аяқ өзім жүргіземін. Мүмкіндігінше халықпен сұхбаттасуға барынша көп уақыт қалдырсақ па, деген ой бар. Кеш барысында керемет шоу болмайды. Бірақ, сезімге толы кеш болса дейміз. Қонақтармен дуэт орындалады»,-дейді әнші.
Ал, жас композитор Қуаныш Құрманбай шығармашылығы туралы: «Алғашқыда сазгерлікті Бауыржан Есебаев ағамыздың шығармашылығына еліктеп бастадым. Әндерімнің біразын Еркін Нұржанов, Ернар Айдар орындап жүр»,-дейді.
Әндерінің мәтіні мағыналы келетін әнші әнді өзі таңдайтынын айтады. «Әрине, аға-апаларымның кеңесіне құлақ түремін. Бірақ, соңғы шешім өзімнен. Тек бір ақынмен ғана жұмыс істеймін деген жоқ. Көбіне, өлеңіне қарай ақынды таңдаймыз. Сол ақынды тауып алып, рұқсатын алғанша асығып тұрамыз»,-дейді Еркін Нұржанов.
Сұхбаттың толық нұсқасы – «Таңшолпанда».