16-20 сәуір аралығында велоспорттан жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты Қызылорда қаласында өтті.
Біріншілікке Астана қаласы, Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар және Қызылорда облыстарының командалары қатысты.
16 сәуір күні 100 шақырымдық топтық жарыста Солтүстік Қазақстан облысының спортшысы Арман Турлин жеңіс тұғырына көтеріліп, оған жеңімпаз жейдесі табысталды. Екінші орынды Алматы облысының спортшысы Ерик Сафаров алса, үшінші орынды қызылордалық Әли Ерсұлтан иеленді.
17 сәуірде 10 шақырымдық жекелей жарыста астаналық Вадим Пронский жеңімпаз атанды. Екінші және үшінші орындарға қызылордалық Карим Бузин мен павлодарлық Илья Горбушин жайғасты.
18 сәуір күні 134 шақырымдық топтық жарыста жамбылдық Дінмұхаммед Ұлысбаевтың мерейі үстем болды. Күміс жүлдеге Ерик Сафаров (Алматы облысы), қола жүлдеге Стрельник Станислав (Астана қаласы) ие болды.
19 сәуірде 70 шақырымдық топтық жарыста астаналық Вадим Пронский топ жарды. Павлодарлық Никита Соколов екінші орынды алса, үшінші орынды солтүстікқазақстандық Арман Турлин еншіледі.
20 сәуір күні 20 шақырымдық жекелей жарыста Вадим Пронский мәреге (Астана қаласы) бірінші болып жетті. Қалған орындарды Илья Горбушин (Павлодар облысы) мен Дінмұхаммед Ұлысбаев (Жамбыл облысы) бөлісті.
5 кезеңнің қорытындысы бойынша жеңімпаз және жүлдегер спортшылар анықталды. Нәтижесінде павлодарлық Илья Горбушин алтын медальді иеленіп, оған жеңімпаз жейдесі табысталды. Күміс жүлдегер жамбылдық Дінмұхаммед Ұлысбаев атанса, Алматы облысының спортшысы Ерик Сафаров қола жүлдеге қол жеткізді.
Жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Астана қаласының спортшылары еншілесе, екінші орынды – Павлодар облысы, үшінші орынға – Қызылорда облысының спортшылары ие болды.
Енді спортшылар мамыр айында Еуропада болатын халықаралық турнирге қатысады.