Бүгін Ұлттық арна эфирінен көрсетіліп жатқан «Жедел жәрдем» телехикаясының екінші маусымының соңғы бөлімі. Телетуынды «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында 2014 жылдың 9 сәуірінен жарыққа шыққан.
Алғашқы маусымдағы сюжеті бойынша, туындыда ерлі-зайыпты Ермек пен Алма үлкен медициналық орталықта бірі кардиолог, бірі акушер-гинеколог болып қызмет істейді. Ермек жүрек ауруымен операцияға түскен қызының өмірін сақтап қала алмайды.
Қайғыға төзе алмаған ерлі-зайыптылар ажырасуға дейін барады. Бірақ, екеуі бір-бірін еш ұмыта алмайды. Араға он жыл салып, олар жүрек ақауынан зардап шеккен қыз баланы асырап алуға бел буады.
24 бөлімнен тұратын алғашқы маусымға кейін тағы 24 бөлім қосылды. Мұнда үлкен қаладағы жұмысын тастап, ауылға бет алған Ермек көп ұзамай ауыл адамдарының абзал жанына айналады.
Қаладан кетудегі тағы бір себеп – өзінің жазылмас дертке шалдығуы. Жақындарының жанын жаралағысы келмеген Ермек отбасынан жырақта жүрсе, екі жаққа да оңай болады, деп ойлайды. Алайда, фильм соңында қате қойылған диагноз барлығын өзгертеді.
«Саламатты Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде түсірілген отандық туындының екінші маусымының соңғы бөлімін бүгін 19:35-те Ұлттық арнадан көріңіз.