56 жыл ғана ғұмыр кешкен Халел Досмұхамедұлының тағдыры 1916-ның дүрбелеңіне, 32-нің қырғынына, зұлматты жылдардың қыспағына тап келді. Оның ұлт алдындағы алғашқы еңбек жолы Петербордағы императорлық әскери медициналық академияға түскен кезінен басталды.
Халел Досмұхамедұлы сол тұста «Қазақ» газетіне «Тамыр дәрі хақында», «Сары кезік сүзек», «Жұқпалы ауру хақында» сынды еңбектерін жариялап тұрды. Дәрігер-көсемсөзші 1917 жылы тұңғыш рет Орынборда өткен I Жалпықазақ съезіне төрағалық етті.
Бізге Халел Досмұхамедұлы Алашорда қозғалысының мүшесі, білікті дәрігер ретінде белгілі. Ал, халелтанушы ғалымдар еңбектерін әлі де болса, зерттей түсу керек, дейді.
Қазақстан аумағында болған ұлт-азаттық көтерілістерге тұңғыш рет ғылыми сипаттама берген Халел Досмұхамедұлы. Әсіресе, Исатай мен Махамбет, Сырым Датұлы, Кенесары бастаған көтерілістің бізге беймәлім тұстары оның еңбектерінде көрініс тапқан.
«Біз Кенесарыны ұлттық қаһарман ретінде танимыз. Ал, Халел Досмұхамедұлы оған біржақты қарамаған. Ол Кенесарының Кіші жүздегі қандай руларды шапқанын, Кіші жүздің рулары мен Кенесарының қорғанысына қатысқан Орта жүздегі рулардың арасындағы қайшылықтарға дейін жазады»,-дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбек.
Сонымен қатар, Халел Досмұхамедұлы Еуропа ғалымдарының еңбектеріне сүйене отырып, қазақ тілінде сапалы оқулақтарды дүниеге әкелді. Медицина мен гигиена, биология мен адам анатомиясы, жалпы табиғаттану саласында ғылыми еңбектер жазды.
Халел Досмұхамедұлының еңбектері әлі де зерттеуді қажет етеді. Толығырақ – «Таңшолпанда».