Қазақстан мен Түркияға ортақ телехикая түсіру туралы келісімге қол жеткізілді. Түрік жағы оған қолдау білдіріп, жан-жақты көмек көрсетуге әзір екендіктерін мәлімдеді. Бұл туралы осы аптада болған Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаевтың Түркияның мемлекеттік TRT телеарадиокорпорациясының басшылығымен болған кездесуі барысында белгілі болды.
Сонымен қатар, қазақстандық телеөнімдер Түркияда көрсетіледі. Оның ішінде, отандық танымал «Сырғалым», «Әке серті», «Ұлжан» және «Ағайындылар» және т.б. туындыларын түрік тіліне дубляж жасауда осы елдегі Қазақстан елшілігі көмек көрсетеді.
Осыған дейін де Түркияның басты телеарналарында «Балалық шағымның аспаны», «Жаужүрек мың бала» сияқты туындылар көрсетіліп, түрік көрермендерінің көңілінен шыққаны белгілі.
Қазіргі таңда Түркияның әйгілі TRT-AVAZ қазақтың ұлттық спорт түрлерін, оның ішінде әсіресе, көкпарды түркітілдес бауырларымыздың арасында кеңінен насихаттауды қолға алған.
Естріңізге сала кетейік, 2009 жылы алғаш рет хабар тарата бастаған TRT-AVAZ телеарнасы 2012 жылдан бері қазақ тілінде де хабар тараттуда. Редакция күн сайын көрсетілетін жаңалықтар топтамасын әзірлейді, оған «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының басшылығы да атсалысуда.