Биыл жыл соңына дейін «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 424 шақырым автомобиль жолын пайдалануға беру жоспарланған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы туралы өткізген брифингінде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ермек Қизатов мәлімдеді.
Автомобиль жолдарының құрылысы жаңа жұмыс орындарын ашып, ел экономикасының дамуына едәуір септігін тигізеді. Жалпы, 2020 жылға дейін 7,5 мың шақырым автомобиль жолын салып, 200 мыңға жуық адамды жұмыспен қамту көзделген.
Ермек Қизатов баяндамасында «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар мен құрылысы жүріп жатқан автомобиль жолдарына кеңірек тоқталды.
«Астана-Алматы» жобасы бойынша Теміртау, Қарағанды, Балқаш, Қапшағай арқылы жалпы ұзындығы 1282 шақырымды құрайтын автомобиль жолының құрылысы жобаланып, қазір жүзеге асырылып жатыр. Құрылысы аяқталғаннан кейін, бұл жол 4 және 6 жолақты болып, І техникалық санатқа жатқызылады.
«Астана-Өскемен» жобасы Павлодар және Семей қалалары арқылы өтіп, жалпы 1018 шақырымды құрамақ. Қазіргі уақытта, Семей-Қамбатау арасындағы 118 шақырым жол жөндеуден өткен. Астана мен Павлодар арасындағы 496 шақырым, 16 телімге бөлініп, жұмыстар жүріп жатыр және Павлодар мен Семей арасындағы тас жол да жөндеуден өткізілуде.
«Астана-Ақтөбе-Атырау-Ақтау» бағыты бойынша 2000 шақырымға жуық жол қайта жаңартуға жатады. 2014 жылы Бейнеу мен Ақтау арасындағы 200 шақырым жол жөндеуден өтіп, пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта қалған 270 шақырым жолда құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
«ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» басшысының айтуынша, «Алматы-Өскемен» жобасы бойынша тасжолдың «Қапшағай-Талдықорған» арасындағы 157 шақырымында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Биыл 47 шақырым жолды пайдалануға беріп, қалған 110 шақырымды 2016 жылы тапсыру жоспарда бар.
Жалпы биыл республика бойынша 1 300 шақырым жолда, 40 телімде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, қосымша 2015 жылы 150 шақырым жолды жұмыстар басталуы тиіс. 2015 жылдың қорытындысы бойынша 424 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланған.
Брифингте автожолдарға ақылы жүйе енгізу мәселесі де көтерілді. Ермек Қизатовтың айтуынша, 2022 жылға қарай республикалық жолдардың 7000 шақырымға жуығына тек қайта жаңартудан өткен немесе жаңадан салынған жолдарға ақылы жүйе енгізілмек.
Сондай-ақ, негізгі мәселенің бірі – жол бойындағы қызмет көрсету орындары. Биыл кемпинг, техникалық қызмет көрсету орындары, жылы бокстар және т.б. 27 қызмет көрсету нысанының құрылысын бастау жоспарланған.