Бүгін – «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы алғашқы хабарын эфирге шығарған күн - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы алғашқы хабарын эфирге шығарған күн

30.04.2015
Бүгін – «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы алғашқы хабарын эфирге шығарған күн

1991 жылдың 30 сәуірінде Қызылорда облыстық телеарнасы ашылды. Дәл осы күні 30 минуттық хабар эфирге шықты.

Телеарнаның ашылуына облыстық радионы ұзақ жылдар басқарған, КСРО радиосының құрметті қызметкері  Жақсылық Бекқожаев пен  Баян Исламбаева, Айткүл Шалғынбаева, инженерлер Бақытжан Шөкенов, Марат Шалабаев, Жәнібек Жұманов, Юрий Ефановтар мұрындық болды. Телеарнаның алғашқы режиссері қызметін Хұсейін Әмір-Темір атқарса, тұңғыш дикторы Айгүл Оразова еді.

Техникалық қалыптасу кезеңінің қиындықтарына қарамастан, телеарна журналистері үлкен ізденісте еңбек етті. «Жүздесу», «Көкейкесті», «Темірқазық» хабарлары арқылы көрермен көзайымына айналды. Сыр елін ұлттық өнердің қайнар көзі ретінде кеңінен насихаттады.

1992 жылы алғаш рет облыстық  деңгейде «Әнші балапан», «Таңшолпан» байқаулары өткізілді. Бүгінде осы байқаулардан түлеп ұшқан таланттар елімізге белгілі эстрада жұлдыздары: А.Кішкенбаев, М.Сәдуақасова, Г.Оразымбетова және т.б.

1995 жылы «Сыр саңлақтары» тележобасы ұйымдастырылды. Сыр өңірінен шыққан өнер тарландары, шығармашылық иелері Р.Бағланова, Қ.Сұлтанбаев, М.Ерәлиева, Ш.Сариев, Иран-Ғайып, К.Дүйсекеев т.б. қатысқан екі сағаттық кештің түпнұсқасы «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен облыстық телеарнаның «Алтын қорында» сақтаулы.

Телеарнаның хабар тарату ауқымы, материалдық базасы жыл сайын ұлғаюда. Хабар тарату ауқымы он жылдың көлемінде 5 сағатқа,  2004 жылдан бастап 14 сағатқа көбейді. 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап телеарна хабарлары 1 сағат көлемінде «Кателко» спутниктік жүйесі арқылы тартыла бастады.

2009 жылдан бастап, «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы республикада алғашқылардың бірі болып облыс аумағына тәулігіне 14 сағат көлемінде хабар таратуға көшті. 

2010 жылы телеарна хабарлары сантаңбалық телевизиялық таралымның ұлттық пакетіне енгізілді. 2011 жылдың 30 сәуірінде Тәуелсіздікпен құрдас телеарна 20 жылдық мерейтойын атап өтті.

Бүгінде «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы - қаржылық-экономикалық тұрғыдан дамыған, телевизияның соңғы озық техникаларымен жабдықталған және журналистикадағы жаңа тенденцияларды өндіріске батыл енгізген,  бәсекеге қабілетті телеарна қатарында.

Хабарламаларға жазылу