Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы қазақ-түрік университетінде VII «Мәдениеттер тоғысындағы тіл, әдебиет, аударма және журналистика мәселелері» атты жылсайынғы халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференция ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Ататүрік-Алатоо (Қырғыз Республикасы) және КИМЭП университеттерінің ұйымдастыруымен өткізілді.
Мақсат - түрлі мәдениеттердің ортақ құндылықтары мен ұлттық өзгешеліктеріне бағытталған шетелдік және отандық ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысу және оларды талқылайтын өзара ғылыми ортаны қалыптастыру.
Шара аясында өткен «Сөз бостандығы - ел болашағының кепілі» атты дөңгелек үстелде Қазақ журналистикасындағы өзекті жайттар талқыға салынды.
Шараға ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кластерлік бюросының Қазақстандағы сөз бостандығы бойынша өкілі Сергей Карпов, СДУ журналистика кафедрасының меңгерушісі Есенгүл Кәпқызы, кафедра оқытушысы Асхат Еркімбай, журналистика кафедрасының оқытушысы, ассистент-профессор Молдияр Ергебеков, журналистика және коммуникация докторы Мадияр Саудбаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультеті деканының Ғылым және инновация жөніндегі орынбасары Қарлыға Мысаева, PR саласының маманы Ербол Азанбек және журналист Назгүл Қожабекова және қатысты.
Қазіргі кезде елімізде 9 мыңнан сайт бар. Оның 7,4 пайызы қазақ тілінде, 81,5 пайызы орыс тілінде, ал, 11,1 өзге тілде жүргізіледі.
Мамандар «Әлеуметтік желілердегі сөз бостандығының рөлі», журналистік білім беру, «Әйелдердің Қазақстан БАҚ-ғы репрезентациясы» және «Іскерлік журналистиканың дамуы» тақырыптарындағы баяндамаларын оқып, өзара пікір алмасты.
sdumedia.kz