Белгілі тарихшы, этнограф Ахмет Тоқтабай Қазақ радиосында қонақта болып, сұхбат берді.
«Қамшыны Еуропа халықтарына алғаш таныстырған ғұндар. Ал, оның шығу тарихы сонау 2300-2500 жыл бұрынғы дәуірді қамтыса керек. Бұған дәлел - «Берел» қорымынан алтын сапты екі қамшы табылды. Олар - сол заманда сән-салтанаттық ғұрыпқа айналған қамшылар», - дейді тарихшы.
Сондай-ақ, Ахмет Тоқтабайдың айтауынша, қамшы – тек мал айдайтын құрал ғана емес, ол – қару.
«Қамшы - биліктің белгісі. Билер сотында талапкер жақ бидің айтқанына жүгінген жағдайда қамшысын ортаға тастаған.
Ал, үйге кіргенде қамшыны сол жақ босаға іліп кету керек. Қамшымен төрге шығуға болмайды», - дейді ғалым.
Қазақ қамшыны не үшін киелі, қасиетті санаған? Сабына жез ораған сары ала қамшылар бүгінде қай өңірлерде кездеседі? Бақсылар не себепті қамшымен емдеген? Оның сыры неде? Мұның барлығын Қазақ радиосының әуе толқынындағы «Қазақтың қазынасы» хабарынан тыңдай аласыздар.
Айта кетейік, «Қазақтың қазынасы» хабары әр сейсенбі сайын сағат 16:35-те эфирге шығады. Мақсаты - бүгінгі ұрпақ санасына халқымыздың рухани құндылықтарын сіңіру, қазақтың салт-дәстүрі мен дүниетанымындағы ерекше құбылыстар мен этнографиялық құндылықтарды уақыт ағымына сай екшеп, тыңдарманға ұсыну. Хабардың жүргізушісі – Мақсат Мәлік.
Хабардың өткен сандарын kazradio.kz сайтынан тыңдай аласыздар.