Бүгін Астанадағы «Қазмедиа орталығында» «Қазақстан» РТРК» АҚ мен «Астана» президенттік кәсіби спорт клубы корпоративті қорының өзара серіктестік жөніндегі келісім шартқа қол қою рәсімі өтті.
Келісім шартқа «Астана» президенттік кәсіби спорт клубы корпоративті қоры атынан клубтың бас директоры Владимир Смирнов, ал, «Қазақстан» РТРК» АҚ атынан Басқарма Төрағасы Нұржан Мұхамеджанова қол қойды.
Шара барысында Нұржан Мұхамеджанова: «Біз көптен бері бірге жұмыс істеп келеміз. Бұл меморандум Қазақстан спортының дамуы жолында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, деп сенемін»,-деді.
Ал, сөз кезегін алған Владимир Смирнов: «Бізде өзара серіктестік бұрын да бар-тын. Бірақ, мұндай ірі пилоттық жоба біздің «Дакар» командамыз жарысқа шыққан кезде басталды. Жарыс жолынан жылдам ақпарат беріліп отырды. Сол себепті, біз тек жаңалық берумен ғана шектеліп қалмай, сапалы өнім жасасақ, деген ойға келдік.
Біздің көрсететін дүниелеріміз бар, айтатын жаңалықтарымыз жетерлік, ел мерейін асырып жүрген айтулы тұлғаларымыз да аз емес. Сондықтан, бұл меморандум нақты клуб, іс-шара және спортшылар арасындағы келісім болмақ»,-деді.