Кеше оңтүстікқазақстандық ардагерлер Астана мен Мәскеу қалаларында Жеңістің 70 жылдығына орай өтетін шеруге аттанды, деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ардагерлерді туыстары, қатарластары мен жастар теміржол вокзалының перронында ойнап тұрған үрмелі әскери оркестрмен шығарып салды.
Елордада өтетін мерекелік шараларға Оңтүстік Қазақстан облысынан 16 ардагер қатыспақ. Ал, Мәскеудегі шеруге баратын қазақстандық делегацияда алты ардагер бар. Сол алтаудың бірі шымкенттік 91 жастағы ардагер Қаратай Төлебеков. Оларды облыстық басқармалардың өкілдері мен медицина қызметкерлері алып жүреді.
Шеруге қатысушы ардагерлерге демеушілердің көмегімен бірдей киім тіктірілді. Облыста бүгінгі таңда 427 майдангер мен 21779 тыл еңбеккері бар.