Ұлттық арна эфиріндегі «Жан жылуы» хабары 2015 жылдың 17 сәуіріндегі шығарылымында омыртқа сүйектеріне дақ пен ісік түскен кішкентай Қымбатты көрсеткен еді.
Қымбат - бір жанұяның ұзақ күткен перзенті. 2013 жылдың 12 қыркүйегінде дүниеге келген. 2014 жылы оған «лангерганс гистиоцитозы», деген диагонз қойылады.
Алматы облысының Боралдай ауылында тұратын Әбдірахмановтар жанұясы балаларының Кореяда бір жыл ем қабылдауы үшін 100 мың АҚШ доллары көлемінде ақша қажет екенін айтып, қайырымды жандардан көмек сұраған.
Бағдарлама арқылы бүлдіршіннің жайымен қаныққан алматылық кәсіпкер арада бір ай өткенде 40 мың доллар қаражат беріп, Қымбат пен оның ата-анасын Кореяға шығарып салды.
«Жан жылуы» хабарының ұжымы көмекке мұқтаж жандарға қолұшын созып, қолдау көрсетіп жатқан қайырымды адамдарға алғыс айтады.