Алматыда белгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановтың 100 жылдығына орай ескерткіш тақта ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда белгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановтың 100 жылдығына орай ескерткіш тақта ашылды

15.05.2015
Алматыда белгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановтың 100 жылдығына орай ескерткіш тақта ашылды

Бүгін Алматыда белгілі тарихшы Ермұхан Бекмахановқа арналған ескерткіш тақта ашылды.

Ол ғалымның көзі тірісінде тұрған және еңбек еткен Панфилов 126 мекенжайы бойынша орналасқан үйдің қабырғасына орнатылды.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова ескерткіш тақтаның ашылуы тарихшының 100 жылдығы мен Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орай ұйымдастырылып отырғанын атап өтті. 

«Біз бүгін Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орай тарих ғылымдарының докторы, профессор Ермұхан Бекмахановтың тұрған үйіне ескерткіш тақта орнату шарасына жиналып отырмыз. Ол кісінің өмірі шырғалаңға толы болғанымен, өз кәсібінің шыңына шыққан ұлы ұлт қайраткері», - деді іс-шара барысында Зәуреш Аманжолова.

Біздің анықтама: 

Ермұхан Бекмаханов - 1915 жылы 15 ақпанда Павлодар облысындағы Баянауыл ауданында дүниеге келген. Воронеж Педагогикалық институтының түлегі. Қазақ КСР Халық ағарту комиссариатының жанындағы ғылыми зерттеу институтында қызметкер, кейін Халық ағарту комиссариатының басқарма басшысы болған. 

Алматының жоғары оқу орындарында ұстаздық қызмет атқарған. 1946-1947 жылдарда Тарих, археология және этнография институты директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары. 
1947-1966 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінде өзі ұйымдастырған Қазақстан тарихы кафедрасын басқарды.

Оның ең басты еңбегі 1947 жылы «XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» атты монографиясы болды. Осы тақырыпта Мәскеуде тарих мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғаған. Монографиясы Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыстың тарихын ақтау тұрғысынан көрсетілген еңбек деп бағаланып, ғалымға буржуазияшыл-ұлтшыл идеологияны дәріптеуші деген саяси кінә тағылды. 

Ермұхан Бекмахановты қаралау кампаниясы «Правда» газетіндегі 1951 жылы жарияланған мақаладан басталады. 1951 жылы университеттегі жұмысынан қуылып, партия қатарынан шығарылды. Ол біраз уақыт Алматы және Жамбыл облыстарындағы ауыл мектептерінде мұғалім болады. 

1952 жылы 5 қыркүйекте тұтқындалып, 2 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Сотының Қылмысты істер жөніндегі коллегиясының үкімімен 25 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, ГУЛАГ-қа айдалды. Ғалым 1954 жылы 16 ақпанда ақталып шықты. 

Е.Бекмахановқа университеттегі өзі ұйымдастырған кафедрасы қайтарылып берілді. Қазақ КСР Ғылым академиясының мүше-корреспонденті болып сайланды. Ғалым 120 ғылыми жарияланымның авторы. Орта мектептер үшін Қазақ КСР тарихың оқулығын жазды. 

 

Хабарламаларға жазылу