Бүгін Алматы облысында «Алматы-Талдықорған» автожолының бөлігінде пресс-тур өтті. Іс шараны ұйымдастырушы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ.
Шара барысында республикалық телеарналардың, газет және ақпараттық агенттіктердің журналистері «Алматы-Талдықорған» жолының бөлігіне шығып, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан осы бөліктегі тасжолдың құрылысымен танысты.
Пресс-турдың негізгі мақсаты – бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қоғамды инфрақұрылымдық дамудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген жобасының жүзеге асырылу барысымен таныстыру.
Өткен жылы республикалық маңызға ие автомобиль жолдарының торабын дамытуға 174 миллиард теңге бөлінген болатын, оның ішінде 41,2 миллиард теңге Алматы облысына. Ол жалпы бюджеттің 24 пайызын құрайды.
Биылғы жылы жалпы автожолға Республикалық бюджеттен 234 миллиард теңге, бөлінді, оның ішінде Алматы облысына 47,8 миллиард теңге бөлінген.
Ағымдағы жылы 306 шақырым автожол бойында жұмыстар жүргізіледі, 265 шақырым жол қайта қалпына келтіріліп, 41 шақырым жолға орташа жөңдеу жұмыстары жүргізіледі.
Жыл соңына дейін, 98 шақырым жаңартылған автожол пайдалануға беріледі. Ол үшін 946 дана техника мен 1767 адам жұмысқа тартылған.
Сондай-ақ, Дүниежүзілік банктердің қарыз беруі арқылы «Алматы-Қорғас» автожолының бөлігінде қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
Құрылыс жұмыстарын Қазақстанның «Қазақжолқұрылыс», «К-Жолқұрылыс», «Найза-Құрылыс», түріктердің «СинеМидасСтрой», итальяндықтардың «Тодини» сияқты белгілі компаниялары, сонымен қатар, жергілікті «Талдықорған жолдары», «Қапшағай көпіржасағы» және басқа да компаниялар жүргізуде.
Жолды қайта қалпына келтіруге қолданатын материалдардың 90 пайызы отандық өндірушілердің өнімдері.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ұлттық операторы инфрақұрылымдық дамудың «Нұрлы жол» Мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020 жылға дейін жалпы құны 2,6 триллион теңге болатын 7 100 шақырым жолды құрылыс-жөңдеу жұмыстарымен қамтуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, Алматы облысы бойынша Алматы-Астана, Алматы-Өскемен, Алматы-Қорғас және Үшарал-Достық бағыттарындағы автожолдарды қайта қалпына келтіру көзделген.