«Қазына» телехикаясы эфирге шығады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазына» телехикаясы эфирге шығады

28.05.2015
«Қазына» телехикаясы эфирге шығады

«Қазына» фильмі бүгінде белең алған есірткі тасымалы мәселесін көтереді. Бұл жағдайдың Қазақстанның болашағына да қатысы бар. «Қазына» телехикаясы Қазақ елінің өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы басынан кешкен тарихи сәтінен бастау алады.

Сценарий бойынша Ауғанстанда туып, ер жеткен Әли деген қазақ жігіті ұшақпен Ақтауға келе жатып, 1987 жылы атасының айтқан сөздерін еске алады. Аталары кезінде қазақ жеріне қазынасын тығып кеткен  еді.

Қазақ жеріне жеткен Әли Ақтаудағы Жұмбақтауға барып, атасынан қалған мұраны іздейді. Міне, оқиға осы жерден шиеленісе бастайды. Ол бұл жолда көптеген қиындықтарды басынан өткереді. Досы Азаматпен және оның қарындасы Гауһармен танысады.

Есірткі тасымалдаумен күрес бөлімінің қызметкерлері Бегайдаров, оның орынбасары майор Қарабаев, капитан Ахметов, жас лейтенант Марат, Айталиев және оның агенті Әсем есірткі тасымалдаушылармен күреседі.

Операциялар барысында сатқын Қарабаев Айталиевті басшылардың көзінше қаралауға тырысып, баласын есірткіге тәуелді етеді.

Телехикая көрермендерге патриотизмді насихаттап, құқық қорғау саласы  қызметкерлерінің ерен еңбегін, Отанға, отбасына деген махаббатты дәріптеп, есірткінің жиіркенішті екенін көрсетуді мақсат тұтады.

Әр бөлімі 42 минуттан тұратын телехикая «ҚАЗтелефильм» киностудиясының туындысы. Сценарий авторлары - Рақымжан Отарбаев, Әнуар Райбаев, Жәмит Көшербаев, Асқар Дүйсенбі. Продюсері - Рашит Аманжолов.

16 бөлімнен тұратын телехикаяда Ерік Жолжақсынов, Жандос Айбасов, Мақпал Исабекова, Ержан Түсіпов, Ержан Нүсіпақынов, Оңдасын Бесікбасов, Нұржан Сәдібеков, Ақкенже Әлімжан ойнайды.

Телехикаяны 2 маусымнан бастап «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан сағат 21:50-де көре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу