Астанада Кредиттік серіктестіктер жетекшілерінің 10 күндік оқуы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Кредиттік серіктестіктер жетекшілерінің 10 күндік оқуы басталды

08.06.2015
Астанада Кредиттік серіктестіктер жетекшілерінің 10 күндік оқуы басталды

Бүгін Астанада Кредиттік серіктестіктер жетекшілерінің 10 күндік оқуы басталды.  Курста «Агроөнеркәсіп кешеніндегі кредиттік серіктестер Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің Басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков кредиттік серіктестестіктердің жетекшілерімен кездесіп, осы саладағы проблемалар мен даму стратегиясына  қатысты  мәселелерді талқылады.

Жалпы, жобаның басты мақсаты – ауыл шаруашылығы саласындағы тауарөндірушілерге мемлекет тарапынан ұсынылып жатқан қаржы құралдарын белсенді пайдалануы үшін несие серіктестерінің қызметтік рөлін күшейту. 

«Ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің алдында екі үлкен мәселе бар. Біріншісі – өндірілген өнімді өткізу, сату, екіншісі – арзандатылған  несиелермен қамтамасыз ету. Осы екінші мәселені шешу аясында  2001 жылы Үкіметтің Қаулысымен  «Аграрлық несие корпорациясы» құрылды. Бұл корпорацияның алдына екі міндет қойылды. Бірінші міндет – әр аудан, ауылда шаруа қожалықтары басшыларының және кредитті корпорацияның қатысуымен кредиттік серіктестік құру. Екінші міндет – ауыл шаруашылық тауар өндірушілерді арзандатылған несиемен қамтамасыз ету мәселесі»,-дейді Төлеутай Рақымбеков.

Ұйымдастырылып жатқан курстардың барысы туралы Басқарма төрағасы: «2013 жылы «Агробизнес-2020» бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарлама бойынша мемлекеттік саясатқа біраз өзгерістер енгізілді. Бұл бойынша тікелей бюджеттен несиелеу мәселесінен басқа қолдау механизмдерін пайдалануға жол ашылған. Қазір тікелей кредиттеу деген жоқ. Шаруа қожалықтарын қолдау жолында сыйақыларды субсидиялау жолға қойылды. Осы өзгерістерге сәйкес біз Аграрлық корпорациямен  және «ҚазАгро» холдингімен бірлесе отырып, біліктілікті ілгерілету  курстарын ұйымдастырдық.

Биыл наурыз айынан бастап 12 облыста өткізіп келеміз. Курстар аясында әр облыста  несие серіктестіктерінің жағдайы мен келешегі туралы конференциялар өтті. Онда тауар өндірушілерді несиелеу мәселелері, несие серіктестіктерінің проблемалары, дамуы, субсидияны тиімді пайдалану жолдары тереңінен қарастырылды»,-деді.

Айта кету керек, Ақмола облысындағы Кредиттік серіктестік қызметкерлерінің конференциясы Ақмола облысы, Шортанды ауданы, Научный ауылында 18-ші маусым күні өтеді.   

Хабарламаларға жазылу