Бүгін Ұлттық арнадан көрсетіліп жатқан отандық туынды «Қыздар» телехикаясының соңғы бөлімі.
Еліміздегі жоғары оқу орындарының бірінде білім алып жатқан студенттердің қызыққа толы өмірі туралы баяндайтын туынды 32 бөлімнен тұрады. Телетуынды «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясының тапсырысымен «Көркем фильм» киностудиясында түсірілген.
Телехикая сюжеті бойынша жастарды бірлікке шақыратын журнал шығару барысында негізгі төрт кейіпкер Айлан, Мерей, Айзере және Қаныкей айнымас достарға айналады. Алғашқыда бір-бірінің мінездеріне шыдай алмаған қыздар түрлі жайттарды бастан кешіреді. Алайда, түбінде достық бәрін жеңіп шығады.
Оқиға желісі журнал шығару барысында өрбиді. Студенттерді толғандырып жүрген мәселелердің маңызды тақырыбына айналған мақалалар хикаяның бір-бір бөліміне айналады.
Достық, махаббат, адалдық сынды қасиеттер көрініс тапқан телехикаяның соңғы 32-бөлімін бүгін Ұлттық арнадан сағат 19:35-те көре аласыздар.