«Поэзия әлемінде» - Ербол Бейілхан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Поэзия әлемінде» - Ербол Бейілхан

20.06.2015
«Поэзия әлемінде» - Ербол Бейілхан

Өлеңге өзіндік өрнегімен келген Ербол Бейілханның есімі оқырманға етене таныс. Ақынның  сағыныштан үзіліп түскен жырларымен оқырманды қазақы болмысқа жетелеп алып кететін қасиеті бар. Оның жырлары қазақтың бейнесін, танымын суреттейді.

Ақынның поэзиясында көрініс тапқан қазақтың тұрмыс-тіршілігіндегі ежелгі сөздерді оқырманмен қауыштырудағы үлесі мол.

Біздің анықтама:

Ербол Бейілхан – ақын, Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі.

1993-1998 жылдары Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау Мемлекеттік университетінің филология факультетін, 2002-2004 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің магистратурасын тәмамдаған.

«Жас толқын» (2004), «Бай бесік тұмалары», «Астана-жыр шуағым», «Тәуелсіздіктің нұрлы таңы», «Баян-Өлгейден балғын жыр» (2008), «Азаттық таңындағы азат жыр» (2012), «Тілтолғау» (2013) жыр жинақтарында өлеңдері  шыққан.

«Әжімсіз жүрек…», «Маралоты», «Мәжнүнтал» жыр жинақтарының «Біз екеуміз» атты өлеңдер аудио дискінің авторы.

 Ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы толығырақ бүгін сағат 13:45-те «Поэзия әлемі» хабарынан көре аласыздар.

Сағынышым жапыраққа тамады...

Жанымды ұғар деп ем, Бекер ме?..
Кейде тағдыр у қосады шекерге!..
Айтылмайтын арманымның әні едің,
Айтар болсам, қамшы – ғұмыр жетер ме!?..


Тарихым-ай, тас жазудай бейнелі,
Біздің өлең – тоғыз таспа Өрмелі.
Арқанменен аю матап ойнаған,
Бабаларым, шетінен дүр Кеуделі!


...«Торқа тонды» тастамаспын битіңе,
Қызталақтар, талатпақ қой итіне?!..
Қозы-мұңым маңыраса елді аңсап,
Жүрек керек, елжірейтін сүйсіне...


Мұзбалақ – жыр, мығым отыр Тұғырда,
Елеңдемес, есі шықпас шуылға!
Қансонарда қасқыр ғана алады,
Түсе алмайды: түлкі, қоян, суырға!..


«Ойлы жанға қызық бар ма» Саналы,
Сағынышым жапыраққа тамады.
Паңдығымен тірі жанға сыр бермес,
Біздің жүрек – туғаннан-ақ, жаралы...

Хабарламаларға жазылу