Әділбек Жақсыбеков елордалық полиция қызметкерлеріне жаңа 40 қызметтік көліктің кілтін табыс етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әділбек Жақсыбеков елордалық полиция қызметкерлеріне жаңа 40 қызметтік көліктің кілтін табыс етті

23.06.2015
Әділбек Жақсыбеков елордалық полиция қызметкерлеріне жаңа 40 қызметтік көліктің кілтін табыс етті

Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков елордалық полиция қызметкерлеріне жаңа 40 қызметтік көліктің кілтін табыс етті. Салтанатты шара қала әкімдігінің алдындағы алаңда өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Жаңа қызметтік көліктер елордалық полицейлерге кәсіби мерекелері аясында  берілді. Атап айтқанда, қоғамдық тәртіпті және қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз етуге арналған «Пежо 301», ресми делегацияларды тасымалдауға арналған «Пежо 508» және «Шкода Октавия», сонымен қатар, саяжай алаптарын патрульдеуге арналған «СангЕнг-Кайрон» автокөліктері.

Отандық көліктердің барлығы полиция көліктерінің қазіргі заманғы техникалық талаптарына сай және ІІМ ақпарат базасынан қажетті жедел ақпаратты алуға, қоғамдық тәртіпті бұзу мен жол қозғалысы ережелерін сақтамау фактілерін тіркеу құрылғыларымен жабдықталған.

Қызметтік автоөкліктер паркін жаңарту – мемлекеттің құқық қорғау органдары қызметінің сапасын арттыруға бағытталған кешенді шараларының бір бөлігі ғана.

Бүгінгі таңда Астанада «Тыныс-тіршілікті қамтамасыз етудің кешенді жүйесі» ауқымды жобасы жүзеге асырылып жатыр. Алдағы уақытта жоба аясында қалада 15 мың бейнекамера орнату көзделген. Бұл жобаның басқа элементтерімен бірге елордалық полиция жұмысының технологиялық базасын жаңа деңгейге көтереді.

«Мемлекет басшысы өзінің 5 институционалды реформаны жүзеге асыру бағытындағы  «100 нақты қадам» бағдарламасында полицияны жаңа сапалы кезеңге көтеру үшін бірқатар маңызды тапсырма берген. Құқық қорғау органдары қызметкерлерін мемлекеттік қызмет жүйесіне қосу және жергілікті полиция қызметін құру полиция қызметінің, Астана қаласы Ішкі істер департаменті жұмысының ұйымдастырылуына оң әсер етеді», - деді әкімі.

Бүгінгі таңда қаладағы тәртіпті елорда гарнизонының 3400 қызметкері қамтамасыз етеді. Әкімнің айтуынша, олар қала әкімдігімен бірігіп Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру бағытында үлкен жұмыстар атқаруы керек.

Қорытындылай келе, қала басшысы құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне осынау маңызды жұмыстарында сәттілік пен бар жақсылықты тіледі.

Хабарламаларға жазылу