Алматыдағы автобус апаты: Сот тергеуі аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы автобус апаты: Сот тергеуі аяқталды

24.04.2024

Бүгін елімізде тағы бір сот процесі тікелей эфирде көрсетіле бастады. Бұл жолы көпшілік Алматыда орын алған автобус апатына қатысты оқиғаның қалай болғаны жайлы онлайн тыңдады. Автобус жүргізушісін соққыға жыққан күдікті неліктен тағылған айыпқа келіспей отыр? Ал жүргізушісі неліктен тежегішті баса алмағанын түсіндірді.

Бір жарым сағатқа созылған кезекті сот отырысында даудың қалай басталғаны басынан баяндалды. Прокурор тараптардың беттестіру хаттамасын оқып шықты. Автобус жүргізушісінің сөзінше, кикілжің әуелі жол ақысын телефон арқылы төлей алмаған жолаушының нарызылығынан туындаған. Артынша ол, көпірдің үстінде тұрған қоғамдық көліктің есігін ашуды талап етіпті. Рұқсат етілмеген жерде есікті ашпай қойғаны үшін жүргізушіні балағаттап, жұдырық ала жүгірген. Ал соққыға жыққан азамат, жүргізуші ар-намысыма тиетін сөздерді айтқан соң, өзімді ұстай алмадым, деп ақталды. Сол сәтте көлік жүргізушісі ерегісіп, әдейі автобустың тежегішін баспай, адамдарды қасақана қақты дегенге келтірді.

Дархан Ахметжанов, сотталушы:

Екі соққы жасаған соң, Шөкебаева есінен танған жоқ, оны жақсы білемін. Мен екі соққы жасағанда ол айтып жатты, біз қазір соғыламыз, саған көрсетем деген сияқты маған ашуланып, мені жазалау және қорқыту мақсатында газды басып жол-көлік оқиғасына алып келді.

Осылайша, күдікті Ахмеджанов, сотта өзінің 293 бап, яғни «бұзақылық» бабы бойынша әрекетін толық мойындап отыр. Бірақ, Қылмыстық кодекстің 351 бабы, яғни «Көлiктiң қауiпсiз жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн қағидаларды бұзу» бойынша тағылған айыпқа келіспейді. Ал автобус жүргізушісі Ермек Шөкебаева қасқана адамдарды қақпағанын айтып, өзінің есін ауруханада бір-ақ жинағанын бірнеше рет қайталады. Ал аяғының автобус тегежішінде емес, газ да қалып қалғанын өзінің абдырап қалғанымен байланыстырды.

Ермек Шөкебаева, автобус жүргізушісі:

Газда қалып қалған болса, менің ойымша, мен алдына қарай жүріп жатырмын. Демек газды басып жатырмын деген сөз. Ал мен есімді жинаған болсам неге мен аяғымды жұлып алып тормозға баспаймын. Куәгерлердің айтуы бойынша, неге мен «тормоз, тормоз» деп айқайладым. Егер менің тоқтатын әрекетім болмаса, неге мен үйтіп айқайлап айтамын.

Айта кетейік, сотқа көлік апаты салдарынан қаза тапқан марқұмның әйелі Айнұр Құсайынова да қатысты. Ол сотталушыны ақтаған жоқ, бірақ жүргізушінің кикілжің тудыртқаны үшін айыптады. Судья сот тергеуінің осымен тәмамдалғанын айтып, ертең күндізгі 11-де жарыссөз өтетінін хабарлады.

Айта кетейік, оқиға былтыр 22 желтоқсанда болған еді. Қоғамдық көліктегі жанжалдың салдарынан оқиға орнында үш адам қаза тапқан болатын.

Әйгерім Ердәулет


Хабарламаларға жазылу