Атырау облысында ауылға көпір қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында ауылға көпір қажет

18.03.2024

Атыраудағы Қызылқоға ауданының Сағыз ауылы көктем сайын қатынассыз қалады. Себебі, Ноғайты өзені тасыған кезде өткелдерді су шайып кетеді. Ал ауылдағы жалғыз жаяу көпірдің жағдайы көңіл көншітпейді. 

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Бұл Сағыз ауылындағы жалғыз жаяу жүргінші өткелі. Осыдан 34 жыл бұрын салынған. Қазір бұл тұрғындарға үлкен қауіп төндіріп отыр. Өйткені су тасқыны болған мезгілде көпірдің тіреуіштері жантайып, халық амалсыздан осындай бөренемен тіреп қоюға мәжбүр болған.

Жұмагүл Шадыманова баласын сабаққа апару үшін күн сайын шыбын жанын шүберекке түйіп осы көпірмен қатынайды. Өйткені бергі беттен арғы бетке өтетін басқа жол жоқ. Ноғайты өзені осы ауылдың ішімен өтеді. Көктемде су келсе, халық тіпті қатынассыз қалады.

Жұмагүл Шадыманова, Сағыз ауылының тұрғыны:

Қиын балаларға арғы бетке өтуге. Өтетін жол жоқ, мына жақта бір мост бар еді, ол да құлап қалды. Мынау да құлағалы тұр. Өткенде сең жүргенде қисайды, қазір тек мұздың арқасында тұр.

Ал Мақсот Әбжетов су тасыған мезгілде арғы бетке өтемін деп бір ажалдан аман қалған.

Мақсот Әбжетов, Сағыз ауылының тұрғыны:

Осы жерден талай адам суға кетті. Өзім де суға кетіп қала жаздадым. Жігіттер құтқарып қалды. Кәмірмен шығамын деп арғы бетке жіп байлап.

Бүгінде Ноғайты өзенінің арнасын тереңдету, жағалауын бекіту және екі көпір салу қажеттілігі туындап отыр. Алғашқы көпірдің құрылысы маусым айында басталады деп жоспарланған.

Өтепберген Әділов, Сағыз ауылының әкімі:

Үстіне асфальтталып, екі жағынан жаяу жүргіншілерге арналған жолымен, жарығымен солай салынады. Биылғы жылы жүзеге асады деп отырмыз.

Сондай-ақ алдағы уақытта екінші көпірдің жобалық-сметалық құжаттамасын жасау көзделген. Қазіргі таңда өзеннің табанын тереңдетіп, жағалауын биіктету жұмыстарына қаржы қарастырылып жатыр.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу