Астана маңындағы Жібек жолы ауылына да қызыл судан қауіп төнген. Үш күннен бері 200-ден астам адам үш күннен бері қауіпті сейілтуге күш салып жатыр. Ауылдағы қарбаласты әріптесім Асылбек Данияр көріп қайтты.
Асылбек Данияр, тілші:
Бүгін үшінші күн қатарынан Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы ауылында су тасқынының алдын алу бойынша күні-түні тоқтаусыз жұмыс жүріп жатыр. Елдімекенге су кіріп кетпеу үшін осындай ұзындығы 4,5 шақырым болатын бөгет тұрғызылған. Мұнда 2300 тонна инертті материал әкелініп, 35 мыңдай қап төселген.
Тілсіз жаумен күреске Астанадан Ұлттық ұлан сарбаздары мен құтқарушылар, Қарағандының төтенше жағдай департаментінің курсанттары келген. Сондай-ақ, бұл жұмысқа елордадан барған ерікті құрылысшылар және ауыл тұрғындары да ат салысып жатыр.
Нұржан Баймұрынов, Қарағанды облысы ТЖД №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары:
30 адам жеке құрам, 1 бірлік техникамен осы ауылға келдік. Көмек көрсетіп жатырмыз, қаптарды жасап кешеден бері екі күн болды 9000 қаптай салып тастадық.
Серіжан Амангелдиев, Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімі жауынгерлік даярлық басқармасы дене даярлығының бастығы, майор:
Ұлттық ұланның ұраны бойынша: «Ұлттық ұлан – еліне,жеріне қорған», демекші халыққа көмектесудеміз. 70 сарбаз бәріміз осындамыз. Қазіргі кезде мектеп-лицейге орналастық, жағдайымыз бәрі жақсы.
Аршалы ауданы әкімінің орынбасары Ержан Жолымбековтың айтуынша, су басу қаупі сейілді.
Ержан Жолымбектов, Аршалы ауданы әкімінің орынбасары:
30 камаз жүріп жүр, 5 үлкен тиегіш пен 1 бульдозер істеп жатыр. 200 адам істеп жатыр жұмысты. Су Астана су қоймасынан келіп жатыр 3 күн болды мынау 6 микрорайонға. Дамбдыны жасап жатырмыз 4,5 км. Үш күн бұрын тоқтап қалды су.
Асылбек Данияр, тілші:
Су тасқынын алдын алуға жұмылдырылған күшке ауыл тұрғындары да бір кісідей ат салысып жатыр. Оларды ыстық тамақпен және ыстық шаймен қамтамасыз етіп жатыр.
Сондай-ақ, тұрғындар мұқым ауылдың қауіпсіздігі үшін жұмыс істеп жатқандарға ризашылығын білдірді. Бұдан бөлек, Ұлттық ұлан сарбазы Дарын Бейсенді 18 жасқа толған туған күнімен құттықтады.
Ғалия Мұхамбетова, ауыл тұрғыны:
Бізде бәрімізде бала-шаға бар. Рақмет сендерге, балалар. Осылай келіп ауылға көмектесіп жүргендеріңе. Туған күніңмен, балам! Осы өмірдегі бар жақсылықты тілеймін!
Асылбек Данияр