Алматыда құрылысы аяқсыз қалған бөгет тұрғындарға қауіп төндіріп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда құрылысы аяқсыз қалған бөгет тұрғындарға қауіп төндіріп тұр

12.04.2024

Алматының Наурызбай ауданы мен Алматы облысының Қарасай ауданын су басуы мүмкін. Яғни, шамамен 30-50 мың тұрғынның өміріне қауіп төніп тұр. Себебі, «Ақсай» селден қорғау бөгетінің жұмысы аяқсыз қалған. Егер сел жүрсе, бөгет оның екпініне төтеп бере алмайды. Айдана Қуантханның материалында.

Төрт жыл бұрын басталған нысанның құрылысы былтыр желтоқсанда аяқталуы тиіс еді. Әуел бастағы жоба бойынша бөгеттің биіктігі 75 метр, ұзындығы 260 метр, ал сел қоймасының сыйымдылығы 7 млн текше метр болуы керек. Алайда, мердігер компания бастапқы жобадан ауытқыған. Ал, қала экологтары бұл шатқалдың аса қауіпті екенін айтады.

Тимур Елеусізов, эколог:

 Бұл жобаға миллиардтаған қаржы жұмсалды. Сол ақшаның құрылыс жұмыстарына толық жұмсалғанына күмәным бар. Бөгетті салып бастаған кезде-ақ қаншама ағаш заңсыз оталды. Мұның өзі заңбұзушылық. Әуел баста мердігер компанияның жұмысын бірнеше мекеме жіті бақылауында ұстауы керек еді.

Осы ретте Қаржы мониторинг агенттігі жұмысын аяқтамаған компанияның үстінен қылмыстық іс қозғалып, «бюджет қаржысын ұрлау фактісі» бойынша тергеу жұмыстары басталды деп мәлімдеді. Ал «Қазселденқорғау» мекемесінің жауапты мамандары дәл қазір қала тұрғындарына қауіп жоқ, - дейді.

Самат Мағауияұлы, «ҚАЗСЕЛДЕНҚОРҒАУ» ММ Алматы техникалық басқармасы филиалының басшысы:

Алматы қаласы ішінен Төрт өзен ағып өтетін болса, төрт ірі пост қойылған. Өздеріңіз көріп отырғандай Ақсай өзені жағасында екі пост бар. Бізде бұл жердегі мамандар күнделікті шығып судың деңгеін лайлылығын тексереді, есептеп отырамыз. Күніне үш уақыт диспечетрлік пункте хабарлап отырамыз. Қауіптің жоқ немесе барлығы жоқтығы туралы.

Айдана Қуантхан, тілші:

Бөгеттің астындағы туннелде ұзындығы 300 метрден асатын алты құбыр бар. Қазір су ең астыңғы құбырмен төмен қарай кетіп жатыр. Мамандар, судың лайлылығы 1 балл, ағысы секундына 3.5 текше метрді құрайды дейді.

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу